Еркінқала селосында 11 шақырымнан астам жол күрделі жөндеуден өтуде

Еркінқала селосында 11 шақырымнан астам жол күрделі жөндеуден өтуде

Атырау қаласына қарасты Еркінқала селосында жалпы ұзындығы 11,073 км болатын жол күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл – ауыл тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастама, – деп хабарлайды Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталған. Былтыр 2,2 км жол жөнделген болса, 2025 жылдың мамыр айында қайта жанданып, бүгінде 1,2 км төрт жолақты жолдың құрылысы жүргізілуде. Қазір құрылыс алаңында 12 техника мен 15 жұмысшы жұмылдырылған.
— Қазір ескі жол қабатын алып тастап, орнына топырақ төселіп, жол кеңейтіліп жатыр. Алдымен осы 1,2 км бөлігін толық аяқтап, кейін қалған учаскелерді біртіндеп қырып, қайта жаңғыртатын боламыз. Тасжолдың кейбір бөлігі екі жолақты болса, ал енді кейбір бөлігі төрт жолақты болады, – деді “АтырауИнжстрой” мекемесінің өкілі Фархат Имашов.
Бұл жұмыстар аяқталған соң, Еркінқала селосының жол инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз көлік қозғалысы қамтамасыз етіледі.